Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың амалдары туралы » Заман-білімдінікі
Тіркелу Кіру
Сайтқа кіру
Жарнама
» » Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың амалдары туралы

Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың амалдары туралы

25-11-2015, 11:49
Автор: bilimtime
Қарау саны: 653
Пікірлер: 0
Версия для печати

Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың амалдары туралыОқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың амалдары туралы

Мұғалімдер әдетте оқушыларға ҰБТ-ның дайын сұрақтарын береді: «Балалар, мына 50 сұрақты ертеңге дейін жаттап келіңдер! Ертең мен сендерге тестілеу өткіземін!». Оқушылар, амал жоқ, берілген сұрақтар мен жауаптарды жаттайды. Әбден мезі болған жаттығуды еш құлықсыз орындайды. Сұрақ жаттау оқушыны әбден шаршатқан болса да, ол бұл тапсырманы орындаудың қажеттілігін түсінеді: сұрақ жаттамаса, ертең ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсете алмауы да ықтимал. Жылап отырса да, оқушы сұрақтар мен олардың дұрыс жауаптарын жаттайды.

Алайда жылда-жылда сұрақтар 30%-ға жаңарып отырғандығы белгілі. Оған қоса сонау 1999 жылдан бері ҰБТ-ның қаншама сұрақтары жарық көріп, бүгінде қолданыста жүр десеңізші! Бұл дегеніңіз оқушыға ҰБТ-да жаттаған сұрақтардың көп бөлігі кездеспейді деген сөз. Тұрсынбек Қабатов айтқандай, тестілеуден кейін оқушы өзін-өзі «Мен оқыған бір сұрақ келген жоқ!» ақтап, ҰБТ-ға дайындықтың еш кеткенін мойындайды. Не үшін онда оқушы мыңдап сұрақ жаттады? Не үшін сонша уақыт кетірді бұл әрекетке? Сұрақ жаттаудың тиімділігі мен пайдалы әсер коэффициентінің төмен болғандығы ма бұл?

Блум таксономиясына жүгінетін болса, жаттау – танымның төменгі деңгейі. Жаттаудың ғұмыры да қысқа. Көне заман философтарының бірі «Адамның табиғи қасиеті есте сақтау емес - ұмыту» деген екен. Шынымен-ақ, біз тіпті де есімізде көп нәрсе ұстай алмаймыз-ау. Әсіресе мәлімет пен мағлұматтарды. Сенбесеңіз, мектепте оқыған, бір кезде жаттап алғандарымыз қазір қайда кетті? «Япырмау, мектепте «Алпамыс батырды» түгелімен жатқа білуші едім, қазір сол жырдың тек бас жағы ғана есімде қалыпты ғой!» деп қынжылып еді менің бір сыныптас жолдасым. Тура осы сияқты математика мен физикадан, химия мен биологиядан, әдебиет пен тарихтан, қазақ, орыс, ағылшын тілдері грамматикасынан талай мәліметтерден хабардар едік қой! Қайда кеткен сол білімнің барлығы?! Солардың барлығы кәдемізге жарамай қалып, ұмыт қалды ғой! Онда неліктен оларды кезінде оқыдық, үйрендік, жаттадық, ұмытатын болсақ? Сол себепті де ҰБТ-ға дайындық жалаң жаттау арқылы ғана өтпеуі керек. Бұл дайындықты түрлендіру қажет. Мұны мұғалімдер соңғы кезде жақсы түсінген. Олар өз әдістемесіне көптеген өзгерістер енгізуде.

Мен де олар секілді өз ойымды келтірейін... 
Менің ойымша, біріншіден, оқушылардың өздерінен үнемі ҰБТ-ға қалай дайындалғысы келетіндігін сұрап, олардың ұсыныстарын ескеріп отыру керек. 
Екіншіден, оқушыларға сұрақ жаттаудың орнына сұрақ құрастыру тапсырмаларын берген орынды. Бұған қоса бұл жұмысты бірлесе шағын топ құрамында орындаған дұрыс. Мысалы, тарих пәні бойынша осы аптада біз 9-сынып бағдарламасы бойынша ҰБТ-ға дайындалуымыз керек делік. Ол үшін мұғалім дүйсенбі күні оқушыларды 15 минутқа жинап, алдымен оларды 4-5 оқушыдан тұратын шағын топтарға бөліп, апта бойы осы құрамда жұмыс жасайтындықтарын ескертеді. Осыдан кейін мұғалім топтарға оқулықтың бір-бір тарауынан бөліп, соның мазмұны бойынша 50 (немесе 25, 40, 80, 100) сұрақ дайындау тапсырмасын береді. Мысалы, бірінші топ оқулықтың бірінші тарауы, екінші топ мүшелері екінші тарауы бойынша берілген сұрақ мөлшерін дайындауы керек. Әрине, сұрақтардың электронды түрде жасалынуы шарт. 
Тапсырманы орындау үшін оқушылар сабақтан кейін мектепте немесе топ мүшелерінің біреуінің үйінде дайындалуы тиіс. Мұғалім әр топтың дайындалатын жерін біліп, ата-аналарды ескертіп қоюы керек. Бұл үшін мұғалім, мәселен, Мадинаның анасына телефон шалады: «Гүлия апай, бүгін балалар сіздің үйде сағат 16.00-19.00 аралығында ҰБТ-ға дайындалайын деп отыр. Соған рұқсатыңызды берсеңіз... Бұған қоса балаларға дайындық шаршатпай, қызық болу үшін тәтті тоқаш (бәліш, самса, т.б.) жасап берсеңіз!» Бәріміз де білеміз: сабаққа ең жақсы дайындық – достармен шай ішіп дайындалу ғой!

Бұл тапсырманы орындағанда оқушылар тарауда келтірілген материалды толығымен қарастырады емес пе? Ертеңіне оқушылар топ құрамындағы басқа баланың үйінде дайындалуы мүмкін. Сонымен оқушылар дүйсенбі және сейсенбі күндері берілген тарау бойынша 50 (немесе 25, 40, 80, 100) сұрақ дайындайды. Тек сұрақ қана, жауаптарын келтірмейді.

Сәрсенбі күні мұғалім оқушыларды 30 минутқа жинап, олардың кері байланысын тыңдап, тапсырманың орындалуын талқылап, оларға басқа тапсырма береді. Бұл үшін мұғалім оқушылар дайындаған сұрақтарды топтар арасында араластырады: бірінші топтың дайындаған сұрақтарын екінші топқа, екінші топтың сұрақтары үшінші топқа, т.с.с. алмастырылады. Тапсырма: жұмаға дейін басқа топтардың сұрақтарына сараптама жасап (керек болса, сұрақтарды түзетіп, өзгертіп), оларға бес жауаптан келтіру қажет; жауаптардың біреуі немесе екеуі дұрыс болуы керек.

Оқушылар тағы да екі күн (сәрсенбі мен бейсенбі) сабақтан кейін мектепте немесе басқа балалардың үйлеріне барып, тапсырманы орындайды. Бұл тапсырманы орындағанда да оқушылар алдыңғы тапсырманы орындағандағыдай оқулықтың мазмұнын (тарауда келтірілген материалды) толығымен қарастыратындығы хақ.

Жұма күні мұғалім оқушыларды енді 3 сағатқа жинайды. Дайындалған сұрақтар «Диірмен» әдісі бойынша бір топтан екінші топқа алмастырылып отырады. Оқушылар құрастырған сұрақтар мен жауаптар әр топта 30 минуттай талқыланады: оқушылар оларды сараптайды, дұрыс жауаптарын табады, түзейді және толықтырады. Бұл отырыстың соңында оқушылар барлық сұрақтарды өздеріне жазып алады. Мұғалім оларды ертең осы сұрақтар бойынша тестілеу өткізетіндігін ескертіп, дайындалып келуді тапсырады.

Сенбі күні мұғалім тестілеу өткізіп, соңында кімнің қанша балл алғандығын жариялап, нәтижелерді, жетістіктер мен қателерді талқылауды (себеп-салдарын айқындап, түсіндіруді) ұйымдастырады. Келесі аптада жұмыс осылайша өз жалғасын табады. Оқушылар енді келесі тарауларды немесе басқа сынып материалдары бойынша жұмыс жасайды. Ал олардың құрастырған сұрақтары «Сұрақтар қоржынына» жинала береді.

Осылайша оқушыны сұрақ жаттаушыдан сұрақ пен жауап құрастырушыға айналдырған жөн. Баланы қандай тапсырма жан-жақты дамытады: механикалық жаттау ма, әлде бірлесе сұрақ құрастырып, оларға жауап іздеуде ме? 

Қалай ойлайсыздар?.
 

Материал:

 

 

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асхат Алимовтың фейсбуктегі парақшасынан алынды

 



Рейтинг статьи:
  
Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.

Мәләмет

Қонақтар тобыдағы қонақтар пікір қалдыра алмайды.