ПОСТЕРЛЕР МЕН СТИКЕРЛЕР ШАРШАТТЫ! » Заман-білімдінікі
Тіркелу Кіру
Сайтқа кіру
Жарнама
» » ПОСТЕРЛЕР МЕН СТИКЕРЛЕР ШАРШАТТЫ!

ПОСТЕРЛЕР МЕН СТИКЕРЛЕР ШАРШАТТЫ!

24-11-2015, 21:47
Автор: bilimtime
Қарау саны: 3071
Пікірлер: 4
Версия для печати

ПОСТЕРЛЕР МЕН СТИКЕРЛЕР ШАРШАТТЫ!ПОСТЕРЛЕР МЕН СТИКЕРЛЕР ШАРШАТТЫ!

Көптеген мектептерді аралап, ондаған сабақтарға қатысып, сабақта постер жасау мен стикермен сабақты бағалауды азайту керек деген ұйғарымға келдім. Себебін айтайын: оқушылар осы екеуінен әбден жалыққан тәрізді. Күні кеше ғана бұл екі тәсіл жаңа еді, қызық еді, ынталандырушы еді. Ал бүгінде балаларды шаршатқан, өйткені қазір жасап жүрген постерлер мен стикерлердің сапасы сын көтермейді. Постер жасау іскерлік, зерттеу мен іздену атмосферасында өтпей, тек көңілді көтеру үшін, уақытты қызықты өткізу үшін қолданатын секілді.

Сондықтан да постер құру кезінде терең ойлану мен қызу талқылау, талдау басым болмай, жеңіл-желпі, үстірт әңгімелеу басым болып жүр.
Менің байқауым бойынша, постерлер жедел жасалатын (кейбір сабақтарда мұғалімдер постер дайындауға екі-ақ минут береді), тек оқулықтағыны көшіре салатын репродуктивтік әрекетке айналып кеткен. Оны қорғаудың да негізінен бір ғана тәсілі қолданады: үш оқушы тақта алдына шығады, екеуі постерді ұстап тұрады, ал үшіншісі постерде жазылғанды (яғни оқулықтан алынған деректерді) сөзбе-сөз оқып береді. Ал қалған оқушылар не жасап отырады осы кезде? Олар өз постерлерімен әлек болып жатады: қорғап жатқандарды тыңдамайды, кері байланыс бермейді. Нәтижесінде постердің мазмұны тек мұғалімге оқылады, оған мұғалім тарапынан келте ғана баға беріледі: «Жарайсыңдар, балалар!». Осыдан соң бұл топтың оқушылары орындарына жайғасады, бірақ олар кейінгі топтардың өз постерлерін қорғауын тыңдайды деп ойламаңыздар: «Бізді тыңдаған жоқ олар! Неге біз оларды тыңдауымыз керек?!». Осылайша сыныптағы барлық топтар постерлерін мұғалім үшін қорғап шығады. Постерлерге жан-жақты талдау жасалып, тиісті баға берілмейтіндіктен, оқушылар да оларды қалай болса, солай жасап жүр. Олар постерлерді қалай жасау керектігін біледі ме екен? Мұғалімдер оларды тыңғылықты постер жасауға үйретті ме екен?

Ал мұғалімдердің өздері коучингтерде постерлерге не салып, жазып жүр? Олардың постерлері негізінен «Бұл не?» немесе «Қандай болу керек?» деген сұрақтарға жауап береді (мысалы, «Диалогтық оқыту деген не?», «Көшбасшылық деген не?», «Көшбасшы қандай болу керек?», «Табысты мұғалім не оқушы қандай болу керек?»). Осы сұрақтарға жауап беру мақсатында олар негізінен постерлеріне тау, Күн, бұлт, желкенді кемелер, оқушының сұлбасы, смайликтер, гүлдердің суретін салып, жан-жағына бірнеше сөз жазады. 
Ондай постерлердің қажеті мен тиімділігі шамалы, өйткені олар негізінен мұғалімдердің көңіл-күйін ғана білдіріп, «Не істеу керек? Қалай жасау керек?» деген сұрақтарға жауап бермейді. Постерлерде олар проблемаларды айқындап қана қояды, алайда оларды шешпейді.
Мүмкін мұғалімдер мен оқушылар сурет салмай, оларды боямай (сурет сабағы емес қой!), проблема шешудің нақты жолдары туралы ұсыныс жасап, оны тізім, алгоритм түрінде келтіруі дұрыс болар? Мысалы, «Сабақта диалог құрудың тиімді 7 тәсілі қандай?», «Көшбасшының ең негізгі 8 қағидасы», «Көшбасшының ең құнды 9 ережесі», «Табысты мұғалім болу үшін алғашқы 10 қадам», «Оқушыны табысты жасаудың 10 қағидасы» деген мәселелерді шешу арқылы.

Басқаша сөзбен айтқанда, коучингтерді күнделікті практикада туындаған мәселелерді шешуге бағыттау керек. Тағы да бір мысалдар келтіріп кетейін: «Кері байланысты әр сабақта қолданудың тиімді 7 амалы», «Оқушы үнін» әр сыныпта жүзеге қалай асыруға болады? 10 тәсіл», «Эссені бағалаудың 10 критерийі», «Постерге қойылатын 8 талап», «Қиын сұрақтарды қоюдың 10 амалы», т.б. тақырыптарды қарастырса болады.

Осы жерде тағы да бір мәселе туындайды: сабақта немесе коучингтерде жасалған постерлерді кейін өз сабақтарымызда қолданамыз ба, әлде олар сол жерде қала ма? Әсілі, жасалған постерлердің құндылығы жоғары болғандығы сондай - олар кейін де мұғалімнің практикасында қолданыс табуы керек. Мысалы, сабаққа дайындалғанда, сабақ барысында көрнекілік ретінде жасаған постерлерімізді қолданғанымыз орынды. Постерлерді жасағанда олардың осы секілді құндылығына ерекше талап қою керек болар.

Тағы да бір назар аударатын мәселе – постерлерді қорғау.
Біріншіден, постерлерді қорғау, жариялау барысындағы ең басты мәселе мынау: «Қорғау барысынла басқа топтар не жасайды?» Осы мәселені шешу үшін алдымен барлық постерлерді жинап алу керек, содан кейін басқа топтарға кері байланыс жасау тапсырмасын беру керек. Оқушылар осы арқылы бос отырмайды, қорғауды тыңдайды, талдайды, бағалайды, «Жұлдыздар мен ұсыныстар» беруге дайындалады, яғни постердің ұтымды жақтарын атап, оны қалай жақсартуға болатындығы туралы өз ойларын келтіреді. Талдау дегеніміз дәлелдеу, ал дәлелдеу дегеніміз ой-пікірімізді негіздеу, оған айғақ пен аргументтер келтіру. Талдау дегеніміз ой-пікірді тереңінен түсіндіріп, бүге-шігесіне дейін шағып беру. Мысалы, «Жақсы жасалған!» (немесе «Нашар жасалған!») деген пікірді «Жақсы деген немене?» (немесе Жаман деген немене?») деп қазбалап, нақты жауабын талап ету керек.
Сонымен кері байланыста тек пікір айтпай («Маған постер ұнады» немесе «Постерде көп мәселелер қамтылды»), оларды дәлелдеп, себеп-салдарын түсіндіріп беру керек. Мысалы, «Маған постер ұнады, өйткені, біріншіден, ..., екіншіден, ..., үшіншіден ...» деп дәлелдер мен айғақтарды тізбектеу. Мұғалімдер мен оқушылар осындай кері байланысқа үйренуі керек.

Неліктен постердің мазмұнын жариялау тек тақта алдына шығып жасалады? Оның да толып жатұан тәсілдерін неге қолданбасқа? Мысалы, «Диірмен» (постерлерді бір топтан екінші топқа ауыстырып, оларға стикермен немесе ауызша кері байланыс беру), «Автобус аялдамасы» (мұнда оқушылар «автобусқа отырып, келесі топқа барып, олардың стикерлерімен танысып, тағы да кері байланыс береді), «Галереяны шарлау» (постерлер бір-бірінен алшақ болып қабырғаларға ілінеді, топтар сынып бөлмесін аралап жүріп, бір-бірінің постерлеріне қайтадан кері байланыс береді), т.б.

Жалпы алғанда, постер дегеніміз не? Постер - топтық жұмыстың, топтық талқылаудың нәтижесін көрсететін құрал, тәсіл. Ал топтық жұмыс нәтижелерін тағы да қалайша бүкіл сыныпқа көрсетуге, жариялауға болады? Мысалы, спикердің оны ауызша да сыныпқа жариялауына болады, ал қалған топтар оның айтқанына кері байланыс беруі керек. Немесе слайд арқылы да елге жариялауға болады, сахналық көрініс те қоюға болады, «Жигсо» тәсіліндегідей әр оқушы бір топқа барып, өз тобының ұйғарымын түсіндіріп беруі де ықтимал. Сондықтан да постер жасауды әр сабақта қолданудың еш қисыны жоқ! Постерді екі-үш аптада бір қолданса да болады. Міне, сол кезде оқушылар оны асқан қызығушылықпен орындауы хақ.

Алайда егерде постер жасалған жағдайда, оның мазмұнына мұқият болған жөн. Менің көріп жүргенім, постерге оқулықта бар нәрсені (деректер, мәліметтер, т.б.) жазылады. Не үшін? Оқулықты қайталау не береді: оқушының миын, ақылын, дағдыларын дамыта ма? Демек, постерге оқулықтағы мәлімет негізінде туындаған жаңа ой, пікір, түсінік, ұғым (мәселен, ереже, формула, проблема шешудің жолы, анықтама, тізім, алгоритм жасау арқылы) түсіру керек шығар?!
Екіншіден, постер мазмұнды, мағыналы, құнды болу үшін оны жасауға көп уақыт берген жөн. Басқаша сөзбен айтқанда, постер жасау – кең ауқымды әрекет болу керек. Постер жасауда оқушылар өздігімен Блум таксономиясының барлық дерлік деңгейлерімен өздігімен «жүріп» өтуі керек. Алдымен олар материалмен танысып, оны оқып шығуы керек («Білу» деңгейі), осыдан соң топ ішінде оқығандарымен бөлісіп, өз ойларын ортаға түсіреді («Түсіну» деңгейі), бұдан кейін оқушылар постерлерді жасауға кіріседі («Қолдану»), қандай мәселелерге тоқтау қажеттігін, қалай қорғау, не айту керектігін айқындайды, басқа топтардың постерлерімен салыстырады («Талдау»), постерлерді оқулықтан тыс жасауға, өз түсініктері мен ұйғарымдарын келтіруге, жаңа ұғымдар құрастыруға тырысады («Жинақтау»), өз постерлерінің ұтымды және жақсартуға қажет жақтарын айқындайды, постер жасау барысында не үйренгендігін, оның олардың танымында қандай орын алғандығы туралы ой толғайды («Бағалау»). Сондықтан да постер жасауға 10-30 минуттай берген орынды.

Стикерлер де шаршатты... Стикерлерге оқушылар сабақ соңында не жазып жүр, байқадыңыздар ма? Негізінен, жалпылама сөздер. Сабақты бағалай отырып, олар стикерлерге мынандай жазулар қалдырады: «Сабақ өте ұнады!», «Мен бүгін сабақта көп нәрсені үйрендім!», «Мен сабақта өзімді жақсы сезіндім!», «Біз топта жақсы жұмыс жасадық!», «Апай, сабағыңызға көп рахмет!», «Осындай сабақтар көп болса екен!» Байқап отырғаныңыздай, бұл - оқушылардың әсері, көңіл-күйі, олар сабақты тек сипаттап отыр. Алайда мұнда талдау жоқ!!! Ал бізге керегі дәп осы талдау емес пе?!.
Осылай жазған оқушылардан сұрап көріңізші: «Неліктен сабақ ұнады?», «Неліктен маған рахмет айтқыңыз келеді?», «Неліктен осындай сабақтар көп болса екен деп ойлайсыз?» Олар бұл сұрақтарға жауап бере алар ма екен? Басқаша сөзбен айтқанда, олар әр сөзін түсіндіріп бере ала ма, әр сөзіне жауапты бола ала ма?

Мен әзілдеп, «Егер мен оқушы болсам, қалтама стикерге алдын-ала жоғарыда көрсеткен секілді жалпылама сөздерді жазып алып, оны сабақ соңында (қандай сабақ не тақырып екендігіне тіпті назар аудармай) тақтаға «Апай, ренжімесін!» деген кейіппен желімдей салар едім. Сабақтан шығып бара жатып, ол стикерді қайтып алып, келесі сабақтарда қолдану мақсатында қайтадан қалтама салып қояр едім» деп айтамын. 
Егер оқушыдан «Не бұлай жаздыңыз?» деп сұраса, онда ол басқаша жазар еді: толығырақ, себеп-салдарын келтіріп жазар еді, онда пән және тақырып ерекшеліктерін келтірер еді. Дәп осылай сабақ соңында оқушылардан стикерлерге екі-үш сөзбен өз әсерін келтіруді сұрамай, өз ойы мен пікірін, сабақты бағалауы мен өз көңіл-күйін ауқымды жазу арқылы (мысалы, 5-6 минуттық эссе) келтіруді талап ету керек болар? Сонда оқушы өзінің әр сөзін түсіндіріп («Маған сабақ ұнады, өйткені...», немесе «Мен көп нәрсені үйрендім. Мысалы, ...», немесе «Мен сізге мыналар үшін рахмет айтқым келеді: ...» деп жазып, өз ойын дәлелдейді. Ал дәлелдеу дегеніміз - талдау. Бізге бүгінгі күні дәл осындай талдау жетіспейді деп ойлаймын... 
Бұған қоса, жоғарыда келтіргенімдей, мұндай жұмыстарда сандық қатынастарды көрсету керек шығар. Мысалы, «Сабақта ұнаған 3 нәрсені көрсетіп, оларды неліктен таңдағанларыңызды дәлелдеп беріңіздер», немесе «Сабақта ерекше қиындық туғызған 3 мәселені көрсетіңіздер», немесе «Маған рахмет айтудың 2 себебін жазыңыздар» деген секілді.
Сонымен қорытындылайын. Постер жасағанда, оны мынандай нысандарда жасауға болады: 
- постер тізім ретінде,
- постер жұмыс алгоритмін құрастыру ретінде, 
- постер тірек сызбалар ретінде,
- постер схема (кесте, диаграмма, кластер) жасау ретінде,
- постер менталды карта жасау ретінде,
- постер кроссворд (сканворд, ребус), жасау ретінде,
- постер комикс (суреттер) жасау ретінде,
- постер сабақ тақырыбы бойынша көрнекі құралдар жасау ретінде,
- постер стенд баяндамасын дайындау ретінде, т.б.
Сабақта постердің орнына мынандай тәсілдерді қолданса тұрарлық: 
- слайд жасау, 
- сахналау (рөлдерге бөліп ойнау, жағдаят құрастыру, ойнап шығу),
- ғылыми-зерттеу жобасын дайындау (баяндама, мақала, реферат, аннотация, рецензия, гипотеза), 
- эксперимент, тәжірибе жасау,
- бірін-бірі үйрету (Жигсо, т.б.), 
- пікірталас, дебат, дөңгелек үстел, ток-шоу өткізу,
- видеофильм, ролик, жарнама түсіру,
- есептер/жаттығулар жинағын құрастыру,
- тест сұрақтарын құрастыру,
- шығармашылық жұмыстар: эссе, РАФТ, сценарий жазу,
- оқу, рөлдік, іскерлік ойын дайындау және өткізу, т.б.
Стикермен де сабақты бағалауды сиретіп, аракідік қолдану қажет. Бағалау дегеніміз оқушылардың не үйренгендігін айқындау. Бұл үшін оларға қорытынды жазу тапсырмасын берген орынды. Стикерлерді мынандай жазу тәсілдермен алмастырған орынды: 
- эссе, 
- өлең, 
- есеп (ақпар) беру, 
- есеп шығару, 
- жаттығуды орындау, 
- тестілеу, 
- тест сұрақтарын құрастыру,
- кесте жасау, 
- есеп құрастыру,
- ереже жасау, 
- нұсқаулық жасау, 
- жұмыс жоспарын жасау,
- алгоритм жасау, 
- менталды карта жасау, 
- диаграмма немесе график жасау, 
- семантикалық карта жасау, т.б.
Постерлерге қойылатын талаптар мынандай болуы ықтимал:
1. Оқулық мазмұнын қайталамай, өзіндік ой, пікір, ұстаным келтіруі керек.
2. Әр оқушының үлесін көрсетуі керек.
3. Аз уақыт ішінде емес, 10-30 минут ауқымында жасалуы қажет.
4. Мазмұны:
- проблеманы анықтауға емес, проблема шешуге бағытталуы керек, 
- ниет пен тілек болмай, нақты ұсыныс болғаны шарт,
- жалпылама болмай, нақты болуы қажет,
- сипаттау болмай, талдау болуы керек,
- еске түсіріп емес, ойландырғаны дұрыс,
- «Қандай?» деген сұраққа жауап бермей, «Қалай? Қалай жасау керек?» деген сұрақтарға жауап беруі қажет,
- «Болу керек!» деген ыңғайда болмай, «Жасаймыз!» деген бағытта болғаны дұрыс.
5. Қорғау кезінде постерге жазылғандар оқылмай, оларға комментарий беру керек.
6. Бір топ қорғағанда, қалғандары кері байланыс беруге дайындалып отыруы керек.
7. Кері байланыс талдау түрінде болып, әр тұжырымды дәлелдеп беруі керек.
8. Егер постерлер бір тақырыпта жасалған болса, онда барлығының қорғауы шарт емес: тек бір постер жан-жақты талқыланып, қалған постерлерге қорғау нәтижесінде туындаған мәселелерді ескеріп, түзетулер енгізуді тапсыруға болады.
9. Постерлерді қорғаудың, жариялаудың басқа да тәсілдерін қарастыру керек: «Диірмен», «Автобус аялдамасы», «Галереяны шарлау», «Кезекпен оқу», т.б.
10. Постер жасау жұмысы үш кезеңнен тұруы керек: а) постерді қалай жасау керектігін мұғалімнің берген нұсқаулығы бойынша топ ішінде талқылау, ә) постерді жасау, б) постерді жариялау (қорғау керек), оның қалай орындалғанын талдау, осыдан кейін әр оқушы постерді дайындау барысында тақырып бойынша не үйренгендігі туралы 5-8 минуттық есеп жазады (ол эссе түрінде болуы мүмкін), оны алдымен топқа, содан кейін сыныпқа оқып, сұрақтарға жауап береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Материал:

 

 

 

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асхат Алимовтың фейсбуктегі парақшасынан аллынды

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.
Пікірлер (4)

Мәләмет

Қонақтар тобыдағы қонақтар пікір қалдыра алмайды.